БИБІ-АНА

Бөлену оңай емес, Сыйға нағыз,
Әрине, тіршілікте қиналамыз.
Тауқымет,
Бірақ, Елді қорқытпаңыз,
Бар біздің Бибі-Анамыз.

Бұл ақын Ертай Ашықбаевтың мүгедек әйелдердің республикалық «Бибі-ана» Қоғамының негізін қалаған Бибігүл Иманғазинаға арнаған өлеңінен алынған жолдар. Бибігүл Иманғазинаның «Тауқымет» атты кітап жазуына түрткі болған тағдырымен таныс, бұралаңы көп өмір кедергілеріне төтеп беріп, сан қиыншылықты да жеңе білген қайсарлығын білетін адам бұл өлең жолдарын тебіренбей оқи алмайды. Тағдырдың жазуымен уыздай 17 жасында алты жыл бойы, аяғынан тұра алмай, төсек тартып жатып қалу кез келген жігерлі адамның өзін қажытып жіберуі кәміл еді. Алайда, «Осыдан аяғым жазылып жүріп кетсем, мүгедек әйелдерге бар ынтаммен көмектесер едім» деп, өз-өзіңе уәде беруі оның бойындағы күш-жігердің салмағын көрсетсе керек.

«Әлі есімде, 1992 жылы қиын жылдар болды ғой. Қатардағы зейнекерлер тұрғай, мүгедектердің өзі әлеуметтік көмектерін ала алмай қиналды. Дүкендерде қант, ұн жоқ, жұрт зейнетақы мен әлеуметтік көмек беретін орталыққа қонай-түней кезекте тұратын. Сол кезде «Тауқымет» атты кітабымның алғашқы нұсқасы жарияланып, соның қаламақысын алғанмын. 3500 сом деген ол кезде көп ақша. Соны Мәскеуде оқитын қызым Ләйлімге почтамен жіберейін деп келсем, дәлізде 12–13 жасар қызымен бірге жылап тұрған әйелге көзім түсіп кетті. Жақындағанымда «үш күн бойы нәр татпадық, бүгін пенсия тағы болмайды деп айтты», — деп еңіреп коя берді. Мен почтаға келіп жүргенде, кітабыңызды маған беріңізші сатылымнан таба алмадым, деп сұрап жүрген бір қыз бар еді. Сол қыз есіме түсіп, оған бардым да, мен саған кітабымды әкеліп берейін, мына апаңның екі айлық пенсиясын алып берші дедім. Сөйтіп, жаңағы кемпірдің қасына келсем, алдындағы мен берген азын-аулақ ақшаға нан мен сусын алып тұр екен. Оның нанға қомағайлана қараған жанарын көріп, жүрегім ауырды. Төсек тартып жатқан кездегі уәдемді ұмытыппын-ау, бұл менің қай сасқаным деп, орыс тілінде «Я завидую только Матери Тере­зе» деген мақала жазып, «Ка­захстанская правда» газетіне бердім. Онда мүгедек аналарды Қолдау орталығын құрсам де­ген ойымды айтып, бір орталыққа бас қосуға ниет білдіргендер хабарлассын деп телефонымды қоса жазғанмын. Мақа­ла жарияланған соң үйдегі телефонға тыным болған жоқ. Ақсағы да, тоқсағы да, жолдың ұзақтығына қарамай, 5-қабатқа жаяу көтеріліп келіп жатты. Келген мүгедек әйелдердің тізімін жазып алғаныммен ары қарай не істеу керектігін білмей дал болдым. Арада біраз күн өткен соң заңгер маманмен кеңесіп, орталықтың жарғысын жасадым... Қиын жылға тап келген соң, бізге келген әйелдер тек тамақ қана сұрайтын. «Казпотребсоюзға» барып едім, біздің аналарымызға арнап екі машина тамақ берді. Кеңсе жоқ болған соң аулаға алып келеміз де әлгі тамақтарды әр отбасына бөлеміз. Сөйтіп жұмыс басталып кетті».

Тіршіліктің тауқыметін көп тартса да соның барлығына мойымай, өзі секілді жарымжан жандарға қолдау көрсетуге бел шешкен Бибі ананың алғаш қайырымдылық жұмысы осылай басталыпты. Ал бүгін қалың қауым ол орталықтың республикалық деңгейде көптеген істер атқарып, мүгедек аналардың балаларының білім алуын, жұмысқа орналасуын қамтамасыз етіп жүргендігін жақсы біледі.

«Бізге келетін әйелдердің көпшілігі, түрлі қайғылы оқиғалардан кейін мүгедек болып қалғандар. Бірі – жол апатына ұшыраса, екіншісі – өндірісте жүріп кемтар күйге түскендер. Олардың көпшілігін күйеулері тастап кеткен, я болмаса ішкілікке салынған. Соның салдарынан балалары да мектеп табалдырығын аттамаған. Мұндай күй кешіп жүрген әйелдердің өмірге деген құштарлығы, әрине, аз. Жүйкелері де жұқарған. Маған келген кез келген әйел алғаш ұзақ уақыт жылап алатын да, сосын барып шаруасын айтатын. Оларды жігерлендіру де оңай емес. Кейде, сен өзің жылай берсең, саған қарап отырған балаң қандай күй кешеді, – деп ұрсатын да бол­дым».

Иә, жаралы жанның көңілін жасытпай, күйреуік күйге енген тірлігінен бас көтертіп, өмір сүруге деген құлшынысын арттыру үшін де шын жанашырлық пен төзім қажет-ақ. Бибігүл Иманғазина танытқан сол төзім мен шын жанашырлық қаншама жанды алға жетелеп, қаншама жанның кеудесіне үміт ұялатты десеңізші!

«Тірілсін өлген Намыс, қираған Ар,
Оянған мейірімділік Миға барар.
Тауқымет,
Ана жақта сіз барсыз ба?
Бұл жақта Бибі-Ана бар.»

Ертай ақынның бұл жолдары Бибігүл Иманғазинаның қамқорлығын көрген Қазақстандағы жандардың оған де­ген алғысын жеткізіп тұрғандай... Алғаш тек мүгедек аналарға ғана қамқорлық көрсетіп жүрген орталық қазір баласы жоқ, тұрмысқа шыкпаған жарымжан әйелдерге де қолдау жасап отыр.

Бүгінде Бибі-ана бір ұл, бір қыз тәрбиелеп өсірген мейірімді ана, асыл әже атанып, бастаған ісін әрі қарай жалғастырып жүр. Қоғамның тыныс-тіршілігіне сергек қарап, өз ойын бүкпей, жасырмай айтып, пікірін білдіріп отырады. «Мені қазір ана ретінде, әже ретінде алаңдататын жайлар бар. Сол жайларды көріп-біліп отырып, қоғамның осындай көрінісін көрмей кеткен әке-шешем бақытты екен деген ойға қаламын. Телеарналар мен баспасөздегі хабарларды оқып отырсаңыз, қатты қынжыласыз. Қыз зорлау, елді тонау деген ұғым олар өмір сүрген жылдары мұншалықты өршімеген. Халыктың шарасыздығын дәл қазіргідей пайдалану ешқашан жақсылыққа апармайды. «Көп асқанға бір тосқан» деген нақыл тегін емес». Қоғамдағы келеңсіздіктерге бей-жай қарай алмайтын ананың ән өнеріне қатысты айтары да жоқ емес. «Қазір бізде жұлдыз көбейіп кетті. Жұлдыз болу деген сахнаға шығып ән айту ғана емес. Жұлдыз деген атқа лайық болу үшін Құдай берген дарынмен бірге, үлкен енбек, асқан мәдениет керек. Ел алдындағы жүріс-тұрысын, сөйлеген сөзің – барлығының орны болуы тиіс. Меніңше, жұлдыз деген атқа 15 жасында күллі елді аузына қаратқан Роза Бағыланова апамыз, Ермек Серкебаев, Бибігүл Төлегенова ғана лайык. Олар жұлдыз ғана емес – бірнеше ұрпаққа үлгі болған тұлғалар. Ал қазір телеарнаны қоса қалсаң «жұлдыз» деп аспаннан түскендей әспеттеп, дарынсыз біреулерді көрсетеді де жатады. Сөйлеу мәдениеті тұрғай, киім кию мәдениетінен жұрдай. Бір таңқаларлығы әлгі жұлдыздарға сәл жол көрсетіп, сын айтсаң, сенен жаман адам жоқ, сын көтермейді. Шын таланттылар өмір бойы үйренуден жалықпауы керек қой. Жасым жетпіске тақап қалса да, сырт көз мінімді бетіме айтса, қуана құлақ асамын. Өйткені, мен де пендемін, ешкімнен асып туғам жоқ. Кейбір әншілер табиғатына келмейтін жеңіл әндерді ай­тып, сахнада орынсыз билейді. Әйгілі Эдита Пьеха өмір бойы билемей-ақ халықтың көңілінен шығып жүр ғой. Адамның табиғатына жат нәрсе, қашанда көзге өрескел көрінеді».

Ән өнеріндегі көңіліне қонбаған жайлар туралы өз ойын осылай бөліскен Бибігүл Иманғазина бүгінгі қаламгерлер ту­ралы да пікірін жасырмады. Шындықты жанына ту етіп ұстаған ол қоғамның дерті тек шындықты айтқанда ғана жойылады. Бұл жолда жазушылар алдыңғы шепте тұруы тиіс, – дейді.

«Халық қашанда жазушы қауымға бір үмітпен қарайды. Өйткені, біздің мұңымызды билікке жеткізеді деп сенеді. Егер жазушылар шындықты шырылдап айтып жүрсе, жастарға да берілген оң тәрбие болар еді. Қазір жазушылар мен ақындардың аузынан «әкімі ақынын іздемеді», деген өкпені көп естиміз. Сонда жазушының әкімге ренжуге құқығы бар да, әкімдер мен халықтың оларға ренжуге хақысы жоқ па? Жазушылар халқының мұң-мұктажын айтып әкімге кірсе, оған әкім неге ренжісін?.. Ал біздің жазушылар көбінесе мерейтой өткізетін кезде ғана бас сұғады. Осы дұрыс па?».

Міне, бұл біздің 8-наурыз мерекесі алдындағы Бибігүл Иманғазинамен өткен әңгімеде айтылған ойлар. Мүгедек аналардың орталығын құрып, сол жолда көп еңбек еткен Бибігүл Иманғазинаны халық «Бибі-ана» деп атап кеткен. Бізбен әңгіме барысында «адамға халық берген атақтан артық атақ бағалы емес. Мен үшін де «Құрмет» деген атақтан гөрі халық берген Бибі-ана есімі ерекше ыстық» деген еді. Бұл да нағыз сыйға бөленудің бір мысалы болар. Ендеше, мереке алдында барша әйелдер қауымына әйелдік бақыт тілеймін деген Бибі-анаға біз де жақсылық тіледік.

БИБІ-АНА

ИРАН-ҒАЙЫП

Жақсылықтың жаршысындай, ақын
Құлжа асықтың алшысындай,
Бибі-Ана.
Өңкей Жоқтың бар Баршысындай,
Өз Халқының Жалшысындай,
Бибі-Ана.

Қайырмасы:
Жетімдерге-Пана,
Жетесізге-Сана,
Қазақ қызы-
Аңыз-
Кейуана-Бибі-Ана,
Бибі-Ана.
Әділеттің құзырындай,
Беттің Ұят Қызылындай,
Бибі-Ана.
Ыңғай Қысқа Ұзынындай,
Елдің Кие-Қызырындай,
Бибі-Ана.

Қайырмасы.

Мархабаттың Данасындай,
Махаббаттың Анасындай,
Бибі-Ана.
Туған Айдың Жаңасындай,
Бес Биенің Сабасындай,
Бибі-Ана.
Қайырмасы.

БИБІ-АНА
Ертай Ашықбаев

Бөлену оңай емес, Сыйға нағыз,
Әрине, тіршілікте қиналамыз.
Тауқымет,
Бірақ, Елді қорқытпаңыз,
Бар біздің Бибі-Анамыз.

Тірілсін өлген Намыс, қираған Ар,
Оянған мейірімділік Миға барар.
Тауқымет,
Ана жақта сіз барсыз ба?
Бұл жақта Бибі-Ана бар.

Адассақ Айды іздедік, Күнді таптық,
Бүрістік жапырақ боп бір бұтақтық,
Тауқымет,
Сен жүк болдың бір кітапқа,
Бибі-Ана іс бітірді мың кітаптық.

Әркімнің әр қадамын барлап, түстеп,
Жүрсең де тор да құрып, қармақ та істеп,
Жеңуге әлің жетпей Бибі-Ананы.
Тауқымет,
Отырмысың бармақ тістеп.

Қадірлі қыздарыңды жина, Далам,
Тербеші бесігіңді қирамаған.
Тауқымет,
Айналайын,
Өтінемін,

Сұрашы, бір кешірім Бибі-Анадан.

Назым ДҮТБАЕВА.
«Қазақ әдебиеті»,

№8 (3119), 06 наурыз, 2006 ж.

 

 

"БИБІ-АНА" қайырымдылық қорының мекен-жайы:
050059 Алматы қаласы, Самал-3, дом 22,кв.5
Телефондары: (727) 262 86 15; 39 00 737; 7+ 701 714 93 24
e-mail: bibi.imangazina@mail.ru
карта сайта