Бірде Қабанбай батыр көшесі мен Питер коммунарлары көшесінің қиылысында орналасқан №26 үйдің бірінші қабатының бұрышындағы есіктің маңдайшасында «БИБІ-АНА» мүгедек әйелдердің республикалық қоғамының Шығыс Қазақстан облыстық филиалы» деген жазуды оқыдым. «Осы Бибі-Ана деген кім? Қайда тұрады? Қоғам неге осы кісінің есімімен аталған?» деген сауал көкейімді мазалап, ішке кірдім. Бұл тігіншілер цехы екен. Шағын ғана бөлмеде 4-5 қыз-келіншек істігіп отыр. Берген сәлеміме бастарын изеді де жұмыстарын жалғастыра берді.
Республикалық мүгедек әйелдердің «БИБІ-АНА»қоғамы бұдан жиырма жыл бұрын ұйымдастырылыпты. Қоғамның төрайымы «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, II топтағы мүгедек ана Бибігүл Иманғазина екен. Жұртшылық оны жазушы ретінде де жақсы таниды. Өз өмірінен жазылған «Тауқымет» атты романы шынайылығымен оқырмандарды баурап алады. 17 жасында бір қаныпезердің кесірінен мүгедектікке душар болып қалған өрімдей қыз өзіне-өзі: «Осыдан аман-есен сауығып, ел қатарына қосылып, екі аяғыммен тікеден-тік тұрар болсам, барлық мүгедектерге, жетімдерге қолымнан келген көмегімді жасауға тырысамын» дел серт берген екен. Уақыт – емші. Сөзінде тұрып, мүгедектердің қамқоршысына айналды. Алматы қаласында мүгедек аналардың қоғамын құрды. Кейіннен еліміздің түкпір-түкпірінде осындай қоғамдар құруға ұйтқы болды.
Төрт жобаны іске асырыпты
Ал Өскемендегі «БИБІ-АНА» қоғамының құрылғанына былтыр 15 жыл толыпты. Қоғам мүгедек жандардың басын біріктіріп, шамасы келгенше оларға көмек жасауда. Қоғамның мүгедек аналармен атқаратын істері айқын, алға қойған мақсаттары жоспарланған.
– Негізгі мақсатымыз – мүгедек аналардың балаларын оқытып, тиісті білім алып, жұмысқа орналасуына көмектесіп, ел қатарына қосу, – дейді осы филиалдың жетекшісі Күлзипа Хамитқызы. – Қиыншылықтар да жоқ емес.Көптеген мүгедектер алыс ауылдарда күнін көре алмай, жанұяларымен қалаға көшіп келген. Көбінің мұндада үй-күйлері жоқ. Олар үшін пәтер ең күрделі мәселе.Бір де бір мәселеміз Бибі-Ана анамыз араласпай шешілмейді.
Цехта істігіп отырған екінші топтағы мүгедек ана Гүлнәрхан Жылыбаевамен таныстым. Ол Өскеменде осындай мүгедектердің қоғамы бар екенін естіп, 1999 жылы Аягөзден көшіп келіпті. Қоғамға жұмысқа орналасып, балаларын оқытып, күнін көрген. Түңғышы Серік оқу орнын бітіріп, еңбекке де араласыпты. «Осыған да шүкіршілік етемін» дейді Гүлнәрхан қоғамға ризашылығын білдіріп. Десе де олардың әлі күнге дейін баспаналары жоқ, қалада пәтер жалдап тұрып жатқан көрінеді. Пәтер кезегіне 2000 жылдан бері тұр. Екінші баласы биыл 8-ші сыныпта оқып жатыр. Оқу ақысын төлеуге осы қоғам көмектеседі екен.
«БИБІ-АНА» қоғамы осы 15 жыл ішінде бастан өткен қиыншылықтарды ұйымдасқан түрде жеңе отырып, жыл сайын нығая түсуде. Алғашқыда қоғамда 3 адамдық жұмыс орны ғана болса, қазір 30 адам жұмыспен қамтылған. Қоғам мүгедек аналардың күнкөрісін жақсарту үшін жұмыс істеудің жаңа әдіс-тәсілдерін іздестіріп, оны іске асыруда көп еңбек сіңіруде. Қоғам осы жылдар ішінде күрделі-күрделі 4 жобаны іске асырыпты. 1999 жылы байқауға қатысып, Канада қорының грантына ие болыпты.2000 жылы АҚШ мемлекеттік департаменті ұйымдастырған «Әйелдер жетекшілігі» деген жоба бойынша жұмыстар атқарса, 2002 жылы екі жоба бойынша тағы да грант ұтып алды.
Ұрпағының болашағын ойлайды
Жоғарыда айтқанымыздай, «БИБІ-АНА» қоғамы өзінде еңбек етіп жүрген мүгедек аналардың балаларының білім алып, жұмысқа орналасуына көмегін тигізеді. Мысалы, 2-ші топтағы мүгедек Фарзана Жүрқанбаеваның баласы Талғат ШҚМТУ-ды бітіріп, «Қазцинк» АҚ-да жұмыс істеп жүр. Қайыржамал Байсарованың қызы Нәзигүл де университетті тәмамдап, еңбекке араласқан.
Мұндағы мүгедек әйелдердің атқаратын ісі сан алуан. Әрине, мұның бәрі мүгедек аналар үшін үлкен қуаныш. Әр ана өз баласын ел қатарына қосылса деп армандайтыны кімге болса да мәлім. Қол астындағы еңбек етіп жүрген аналардың балаларының денсаулығына да жақсы көңіл бөлінеді. Жазғы, қысқы демалыста «Көгілдір шығанақ», «Аюды», Матросов лагерьлеріне жіберіледі. Жексенбі күндері кинотеатрларға да ұйымдасқан түрде барып, демалады екен. Әрбір мейрамдарды да көңілді өткізуге тырысады. Мүгедек аналардың балалары оқитын оқу орындарымен де байланысты үзбейді. Жыл сайын үздік оқитын 2 баланы Президентінің шыршасына жібереді. Қоғам мүшелерінің біріккен ынтымақтастығының арқасында кездескен қиыншылықты да бірге көтеріп, жеңе білуде.
– Қандай тапсырыс болса да орындаймыз. Төсек орындарының жиынтығын, жастықтың, көрпенің тысын, қолғаптар тігеміз, кәсіпорындардың тапсырысы бойынша матрастар, орамалдар, мәшинелердің шаңын сүртетін майлықтар, Жаңа жылға карнавал костюмдері мен ұлттық костюмдерін тігіп, уақытша пайдалануға (прокатқа) береміз, – дейді Күлзипа Хамитқызы.
Әдемі оюларды салып, түрлі-түрлі әсем бұйымдарды оюлап жасайтын шебер, өзі тігінші, дизайнер, суретші Аймана Давлетханова дейтін келіншектің есімін Күлзипа Хамитқызы мақтанышпен атады. Өте елгезек, дарынды, он саусағынан өнер тамған жан екен. Аймананы Күлзипа Хамитқызының оң қолы десе де болады. Бастығы көптеген жұмыстармен кетіп қалғанда, тігіншілердің жұмысын қадағалап, дайын тауарларды қабылдап, мәселені шешіп те қоятын көрінеді.
Осы цехта істеп жүрген тігінші-мүгедек әйелдер – Гүлнәрхан Жылыбаева, Елена Полковникова, Бағжан Атабаева, үйде отырып іс тігуші мүгедек әйелдер – Людмила Турдиева, Бақытгүл Өзбекова өз істерінің маманы.
– Қоғам мүшелері қатарын көбейтуге тырысамыз. Көптеген мүгедектер жұмыссыз жүр. Көнкөрістері қиын. Оған себеп өз еңбекақымызға сатып алған маталардың құнын шығарып, ол тігіншілердің еңбекақысын төлеуге, тігін мәшинелерінің сынған жерлерін жөндеуге, ауыстыруға кетеді. Осы орайда тығырыққа тіреліп қаламыз. Қоғам көптеген кәсіпорындарға түрлі өтініштермен барады. Қала әкімшілігімен, «Қазақтелеком» АҚ-мен тығыз байланыстамыз, – дейді Күлзипа.
Күлзипаның өзі де II топтағы мүгедек ана. Полигон зардабына ұшырап, мүгедек болған кезде, қызы Ботагөз 2-3 жаста ғана еді. Сол кездерде Күлзипа өзін толқын жағаға лақтырып тастағандай сезініп, қатты қиналады. Сұрастыра-сұрастыра жүріп, мүгедек әйелдердің «БИБІ-АНА» қоғамы туралы естиді. Экономистік жұмысынан айырылған соң осы қоғамға келіп, жұмысқа орналасқан екен. Қазір қиыншылықты жеңе отырып, қызын қатарынан қалдырмай тәрбиелеуде.
Мен осы мүгедек аналардың өмірге деген құштарлығын қанатымен су сепкен қарлығаштарға қатты ұқсатамын. Осы орайда мүгедек жандарға жағдайлары жақсы азаматтар қолдан келген көмегін жасап, қол үшын берсе, нұр үстіне нұр болар еді-ау деп ойлаймын.
«Дидар» газеті,
16 қазан, 2007 ж.
Тамара Нәбиева