Таяуда Алматыдағы «Қазақстан» қонақ үйінің конференц залында жұртшылыққа Бибі-Ана деген есімімен танымал қаламгер Бибігүл Иманғазина мүгедек аналардың Республикалық «БИБІ-АНА» қоғамының бесінші құрылтайын өткізді.
«БИБІ-АНА» қоғамы Қазақстанның алыс аудандарында тұратын мүгедек әйелдердің балаларының денсаулығы мен жоғары білім алуына көмектесу, оларға толыққанды жағдай жасалынатын орталық салу, баспанамен қамтамасыз етуге мұрындық болу және әр облыстан тігін цехтарын ашуды жалғастыру, тастап кеткен әкелердің алимент төлеп отыруын қадағалау жолдарын мемлекеттік тұрғыда шешу сияқты мақсатта жұмыс істеп келеді.
Құрылтайға Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Жайлыбай, «Қаламгер-Media» орталығының директоры Жанарбек Әшімжан, ақын Нәзікен Алпамысқызы, сыншы Бақыт Сарбалаевтар қатысып, қоғамның тыныс-тіршілігімен танысты.
Бибі-Ананың баяндамасынан соң кезектесе сөйлеген мүгедек аналар: «Жиырма жыл бұрын құрылған «Бибі-Ана» қоғамы өмірге деген көз қарасымызды түбегейлі өзгертті. Жоғары оқу орнында оқу түсіне де кірмейтін балаларымыздың білім алуына көмектесіп, 500 баланы әртүрлі оқу орындарында оқытып, диплом алып беріп, жұмыспен қамтамасыз етуде өлшеусіз еңбек етіп отыр. Бұл қоғамның біздің екінші үйімізге айналғанын мақтан етеміз. Жасаған жақсылығыңызды балаларымыздың да құлағына құйып отырамыз», – деп ризалық көңілдерін білдірді.
«Қазақ әдебиеті»,
№47 (3315), 16 қараша, 2012 ж.