БАСТЫ МӘСЕЛЕ – РУХТА

«Жас Алаш» таңдаған жыл адамы:

Бибігүл Иманғазина

Мына заманда аяқ-қолы балғадай адамның өмір сүруінің өзі киын. Ал енді мүгедек кісінің...

Басты мәселе - рухта, рухтың күштілігінде. Мұны Республикалық мүгедек аналардың «БИБІ-АНА» қоғамының президенті, жазушы, «Құрмет» орденінің иегері Бибігүл Имангазина дәлелдеді де. Және төрт құбыласы түгел, дені-қарны сау ер-азаматтардан асып түсті.

Бибігүл Иманғазина он жеті жасында қарақшыға жолығып, намысы үшін күресіп, жан ұшыра екінші қабаттан секіріп, мүгедек болып қалған болатын.Аузын айға білеген алпауытпен де, шенеунікпен де, ақылсызбен де, әлдімен де күресіп келеді. Жеке басының мүддесін ойлағандықтан емес, айналасына топтасқан асырауында балалары бар мүгедек аналардың жыртысын жыртып, намысын таптатпау үшін.

Көздері жәудіреген жетім балалардың шетелге сатылуына алғашқылардың бірі болып қарсы тұрған да – Бибігүл Иманғазина. Ел президентінің күйеу баласы, миллиардер Тимур Құлыбаевқа жазған ашық хаты («Жас Алаш», №52, 1 шілде, 2008 жыл) бізді ғана емес, күллі оқырмандарымызды тәнті етті.

«БИБІ-АНА» қоғамы моральдық, материалдық көмек көрсете отырып, мүгедек аналардың балаларының жағары оқу орындарында білім алуына да демеушілер іздеп табады. Бұл – оңай шаруа емес, әрине. Білімді ұл-қыздардың көп болғаны – мемлекетіміз үшін үлкен жетістік! Бибігүл Иманғазина мұны жақсы біледі.

«БИБІ-АНА» қоғамының президенті, жазушы Бибігүл апай мүгедек-аналардың ғана қамқоршысы емес, қоғамымыздың мүддесі үшін күресіп жүрген еpeн қайраткер-ана.

«Жас Алаш»,

№104, 30 желтоқсан, 2008 ж.

 

"БИБІ-АНА" қайырымдылық қорының мекен-жайы:
050059 Алматы қаласы, Самал-3, дом 22,кв.5
Телефондары: (727) 262 86 15; 39 00 737; 7+ 701 714 93 24
e-mail: bibi.imangazina@mail.ru
карта сайта