Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К. Тоқаевқа
Аса құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы!
Қайырлы күн!
Осыдан бір жыл бұрын өзімнің туған елім Ақтөбе облысының Шалқар қаласында мүгедек балаларға арналған Оңалту орталығын салдыру жөнінде Өзіңізге хат жазған болатынмын.Әр минөтіңіз санаулы болса да,менің хатымды қараусыз қалдырмағаныңызға ризашылығымды білдіремін.
Сіздің тапсырмаңыз бойынша Халықты әлеуметтік қорғау министрлігінен келген жауапты Өзіңізге салып отырмын(29.07.2019ж.21420// ЗТ-И-9053,1).
Осы хаттың із-түзін таба алмай отырмын,мүгедек балаларға арнап салынатын оңалту орталығы құрылысына қаражат бөлінетін болса оның механизмдерін білгім келеді.Мен қарап отырмаймын,өзімнің отбасым да кірісіп жатыр,демеуші де іздей беремін...
Ақтөбе облысы Шалқар қаласынан мүгедек балалардың Оңалту орталығының құрылысын салдыру үшін «БИБІ-АНА»қайырымдылық қорының атына алған 25 сотық жерімізге архитектор Жобаны жасап жатыр,әзірше 3000.000 (үш миллион) төлеп қойдым.
Аса құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы!
Өткен жылы Шалқардан шығатын аудандық газетке хабарлама берген болатынмын. Мазмұны төмендегідей:
«БИБІ-АНА» қайырымдылық қорының Келісім-Шартымен келісетін,медицина университтетінің ақылы бөліміне өтетіндей балл жинаған талапкерлер маған хабарлассын.Келісім-Шарт бойынша«БИБІ-АНА»қайырымдылық қоры студенттің оқу ақысын төлейді,өте жақсы оқитын,қоғамдық жұмысқа араласатын,спортпен айналысатын студенттерді қысқы сессиядан кейін Бибі-Ана грантқа ауыстырады.Ол үшін студент диплом алғаннан кейін Шалқар қаласындағы мүгедек балаларға арналған Оңалту орталықтарында 3-5 жыл дәрігер болып жұмыс істеуге келісімін беруге міндетті»деген хабарлама берген болатынмын.
Хабарласқандар көп болды,солардың ішінен 116 (бір жүз он алты) балл жинаған Ғарифолла Қайсарұлы Қайсар деген талапкерді таңдап алдым.Екі ғана балл жетпей қалған Ғарифоллаға облыстың әкімі Оңдасын Оразалин әртүрлі сылтаумен грант бермеді.
Ғарифолланың оқу ақысына 750.000 (жеті жүз елу мың теңге) төледім.Ғарифолла бірінші курсын өте жақсы аяқтады.
Университеттің үшінші курсында оқитын Сәрсенбай Нұрислам Дәуренбек деген баланың әкесі мүгедек.Нұрислам мектепті «Алтын белгіге» бітірсе де,медицина университетіне түсе алмай, ақылы бөлімде екі жыл мүгедек әкесінің пенсиясымен оқыған екен.Үшінші курсқа өте жақсы деген бағамен өтсе де,тағы да Ақтөбе облысының әкімшілігі грант бермепті.
Облыстың әкімшлігінен бөлінген 80 (сексен) грантты тексерудің қияметін ешкім мойнына алғысы келмейді. Мен Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағамбет мырзадан сексен грантты алғандардың тізімін талап еткеніме де жиырма күннен асты,әлі жауап жоқ...
Аса құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы!
Соңғы төрт жылда «Тауқымет»романымның сатылуынан 38.000.000 (отыз сегіз миллион) түскен еді ,барлығы түгелдей «БИБІ-АНА»қорының қажеттеріне жұмсалды.
Отыз жылда бізден қамқорлық көрген бір де бір бала мені ұятқа қалдырған емес, бес жүзден астам біздің түлектеріміз бүгінде аналарын өздері асырап отыр...
Аса құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы!
«БИБІ-АНА»қайырымдылық қорына Білім министрлігінен жылына 10-15 грант бөлініп тұрса,әр гранттың кімге бөлінгені,не үшін бөлінгені туралы Білім министрлігіне есеп беріп отыратынымызға кепілдік бере аламын.
Әбден тұралап қалған Халық өзіңізге ғана үміт артып отыр,қолымыздан келгенше Сізге сүйеу болғымыз келеді,бұл енді жағымпаздық емес,шындық!
Сіздің Жолдауыңызды отбасымызбен тыңдадық.Өзінің елін,жерін,отбасын сүйетін әр қазақ Сіздің жолдауыңыздағы әр жаңалықты қуана қабылдап қана қоймай,бойларында бір құлшыныс пайда болатынына біз сенімдіміз...
Әр ісіңізге ақжол,от басыңызға амандық, абырой тілеймін...
Үлкен құрметпен,
Жазушы,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
«БИБІ-АНА»қайырымдылық қорының президенті
Бибігүл Иманғазина
Бибі-Ана