АСҚАР БИІККЕ АЯҚ БАСҚАНЫ...

Бақыт Сарбалаұлы,

сыншы

Адам бала кезінен-ақ, асау арман жалына қол артып, асқар биіктерге аяқ басуды мұратұтады. Әсіресе Алаштың баласы - ұл-қызы. Ол - Орталық Азияның ортасындағы ұлан-байтақ ұлы далада өмір сүргендіктен ғана емес, мына сені жарық дүниеге келтірген әке- шешенің әлди тілегі де шығар. Әдетте шетсіз-шексіз жусанды, шалғынды жазықтардың, құмды-қолатты жүзгенді жоталардың, сарыарқалы селеулі адыр- белестердің перзенті көкірегіне жастай ән-жыр ұялататыны өз алдына, кіндік кескен туған жерің, алақанына салып аялап өсірген елің де осыны қалайды: «Құлыным, қадамың құтты болсын!» (алғаш тұсауың кесілгендегі тілеуі); «Алдыңнан ақ жол ашылсын, бақытты бол! Шыққан тауың биік болсын!» (ержетіп-бойжетіп, азаматтық өмір соқпақтарына түскеніңде айтары). Бұлар - босқа айтыла салған бекер сөздер ме, жоқ, жұртың ұсынған жарым ырыс, Алла Тағала алқаған ашылған тыныс. Енді осыған өз дарқан көңіл-тілегің, тауды тасты деп айтпас, жаудан да қайтпас дүрсілдеп соққан жүрегің, қазақ деген халықтан тамыр тартқан тегің - ұрқың, ұлттық рухың - балуан білегің қосылса, әрине, бірден емес, біртіндеп, мезеті келгенде, яғни бойың өсіп-жетіліп, қабырғаң қатқанда, ойың өрбіп- өркендеп, сойың сексеуілдей жаралып, Ақ сұңқардай таралғанда зау зеңгір көкке самғап, Асқар Биікке алшаңдап аяқ басарың анық-ау!

Шіркін, көңіл! Қадірлі оқырман, менің көңілім асқақтап, өте қиын да қызық, бақ пен соры егіз, бал мен уы сегіз, тар жол, тайғақ кешулі, тек өзің ғана жүріп-салар соқпағыңда: бірде ардың гулі құлпырып өсулі, бірде дардың арқаны ширатылып есулі өмір жолыңда сүрінбей, құздан құлап кетпей - үнемі алға басып, тек ерен еңбекпен, керек десеңіз кейде тер төгілмей, қан да төгілер жасампаздық ерлікпен көтерілер шың - Асқар Биікке жетіп, аяқ басуды оңайлатып жіберген жоқ па? Әрине, жоқ. Өйткені, адам өмірі расында да шын ниет, шынайы мақсат, ізгі де ілгерішіл көңілден басталып- жалғасады. Ал оның тірегі - бірінші кезекте Жылы Жүрек. Ал бұдан кейінгі кезекте ке- регі - ақын-абыз Абай айтқандай, Нұрлы Ақыл, Ыстық Қайрат. Айтпақшы, бұл асыл қасиет-қабілеттердің өзі бала кезінен адамның бойына ұрық-дәндей бітетін болса, осындай болмыс тек-дән: таланттарға ие қазақ баласы жұмыр жер бетінде Адам болу жауапкершілігін ерте сезініп, дер кезінде жігерлілік танытса, қабілетін біліммен байытып, тынбай қайрат көрсетсе, тер төксе, мол жеміс те, зор жеңіс те оған біртіндеп өзі келмекші.

Туған дала, тынысымды кең алып,

Көңілімнен көп іздедім даналық.

Мүмкін емес - менің тексіз болуым,

Ұлы Абайды туған болсаң сен анық.

Қиынға сал, қалтқысыз сене гөр,

Намыс үшін найзаласып өледі ер.

Мүмкін емес - менің отсыз болуым,

Махамбетті туған болсаң сен егер!..

Алға апарар жолдар барда, жүк барда,

Борышымнан бір сәтке де құтқарма.

Мүмкін емес - менің төмен болуым,

Биік Шоқан мына сенен шыққанда!..

Біздің буынның өрен өкілі, ақиық ақын Жарасқан Әбдірашев бұдан 42 жыл бұрын,

1975 жылы нақ осылай деп жазып еді. Бұл жарқын жыр жолдары бүгін неге менің жадыма оралып отыр?! Тағы да біздің басымызда өмірге келгенде, қастерлі әдебиет есігінен енгенде осындай ақ, асау арман жалына қол артып, сөз өнерінің бір биігін бағындырамыз деген көңіл күйде болғанымызды әйгілеу үшін бе? Бұл да - ақиқат.

Бірақ бұл жолғы екінші бір себеп: нақ осындай асқақ арман-ниеттің, нұрлы мақсат, ақ қанатты көңіл күйді менің кейіпкерім - бүгінгі таңдағы қазақ әдебиетінің белгілі, тарлан ашқан талантты тұлғасы, парасатты прозашы, қайсар Ана, асыл Азамат, кезінде жер жүзінің алтыдан бірінде атақ-даңқы дүрілдеген Николай Островский - Павел Корчагинге қарасақ та, өзіміздің құрыш қазақ, ақын Зейнолла Шүкіровке баласақ та жарасар жазушы Бибігүл Иманғазинаға да бала кезінен тән, жастық шағынан етене болғандығы. Рас, ол алғаш ақын-жазушы боламын деп бел бумаған да шығар. Бірақ туабітті өнерлілік, өнерге құштарлық бойынан бес жасынан бастап-ақ білінгені, бойжеткен кезінде-ақ өнерпаз, актриса боламын деп көзінің ілінгені шындық. Ол осы жолда әке ақылын да тыңдамай, орта мектепті бітірісімен, он жеті жасында Құрманғазы атындағы Мемлекеттік Өнер консерваториясына құжаттар тапсырғаны, емтиханды үздік тапсырып, студент атанғаны да шындық. Алайда оны тағдыр осы үлкен өмір жолының басында талшыбықтай сәтінде-ақ сұмдық ауыр сынға тап қылды... Бұл - өмір мен өлім бетпе-бет келген, адам мен ажал айлар бойы тірескен, күрескен жайт. Біз бұл жайды бұдан әрі қаузап, жалғастыра баяндап жатпай-ақ қоялық. Ол кезіндегі танитын- танымайтын қатар құрбы-құрдас, замандастарына түгел дерлік белгілі, тіпті күллі республика жұртшылығы жақсы білген, қабырғасын қайыстырған оқиға. Ақыр соңында өлімді өмір, ажалды адам - қазақ аруы Бибігүл жеңіп шыкды. Жеңці деу айтуға ғана оңай, ол айлар бойғы айқастың жемісі, жылдар бойғы жан арпалысының жеңісі. Сондықтан дәл сол сәтте жас бойжеткен Бибігүл ерекше еді, тауқыметті тізерлетіп, ерлік жасады деу де - асығыс айтыла салған сөз. Өйткені, ешкім де ерлікті жасау үшін, мықтылығын көрсету үшін жасамайды. Тіпті, қаһармандық эпостағы алып Алпамыс та, кешегі Ұлы Отан соғысындағы баһадүр Бауыржан да қасақана батырлық көрсеткен жоқ, туған жерді-елді азат ету үшін амалсыздан және ер ретіндегі ар-намысы ажалдан да артық, биік, күшті болғандықтан жасады. Яғни бұл жердегі негізгі мәселе - рухта, гәп - ар-намыста, ажалдан, аурудан тайсалмай, қаймықпай айқасуда...

Тіпті, әңгіменің ашығына көшсек, сұрапыл соғыстағы ерлікті жасаудан гөрі бейбіт кездегі ерлікті жасау қиын десек те жаңылмаспыз. Себебі, соғыстағы жау - белгілі, қашан не істейтінің де анық, қорқақ, опасыз болмасаң - жеткілікті. Ал мынандай төтеннен тап келген тауқыметте жанға батқан дертті, күндер мен түндерге үздіксіз ұласқан азапты қашан және қалай жеңерің - мәлімсіз; тек айқаса беруің қажет. Айлар бойы, мүмкін жылдар бойы... Бәлкім өмір бойы... Ендеше автордың өмірбаяндық- өнербаяндық «Тауқымет» атты тұңғыш романында бедерлі баяндалғандай, Бибігүл - Бибісана, бәлкім, өзін жанынан да бетер жақсы көретін әзіз әкесін жылатпау үшін, аяулы отбасын одан әрі де тақсыретке ұшыратпау үшін алапат ауруды ауыздықтап айқасып, аман қалған шығар. Қалай дегенде де бұл - жеке тұлға Бибігүл Иманғазинаның батырлығы, нәзік қазақ қызының нар қаһармандығы.

Дау жоқ, Ақтөбе облысының Шалқар кентінде желкілдеп, ерке де еркін өскен жап-жас он жетідегі қазақтың сұлу қызының зорлыққа көнбей, қорлыққа көнгеннен гөрі арымды сақтағаным, ажал тапқаным артық деп өзін-өзі жатақхананың екінші қабатынан төменге тастап, тасқа түсіп, ауруды - өлімді жеңсе де, мүгедек болып қалғаны, бірақ мүгедектікке де бой бермей, оны да жеңіп, өмірден өз орнын тапқаны - қандай кітапқа арқау етсең де, қалай жазып жырласаң да, сұлу суретке салып, тамылжытып шырқасаң да өзгеше өнеге, өнер өзегі екені дәлел тілемесе керек. Және Бибігүл Иманғазина кейін және бүгінгі күні қандай орын иеленді десеңізші?! Өмірге Бибігүл болып келіп еді, өнерге (сөз өнеріне) Бибісана болып еніп, әдебиетте бөлекше берен тұлға - Бибі Ана болып бедер тапты. Оны жазып-жасаған да - және Өзі. Өмірде ажалды жеңу, тауқыметті тізерлету - бір ерлік болса, туған қазақ әдебиеті табалдырығын жас прозашы болып аттап, талантты суреткерлік танытып, шеберлік биігіне көтеріліп, өзіне дейінгілердің ешқайсысын қайталамаған, көлеңкесінде қалмаған, өзіндік үні айқын, көркемдік келбеті келісті, оқырман халық көңілінен шыққан, сэра да дара повестер мен «Тауқымет» романын жазып, сөз өнері төріне шығу - екінші ерлік, әдебиетіміздегі қаһармандық десек те асыра айтармыз ба? Міне, осы кезде-ақ ол - жазушы Бибігүл Иманғазина бір Асқар Биікке аяқ басқан. Бәлкім, нақ бүгінгісінен бірер саты аласа да шығар. Бірақ асқардың аты - бәрібір асқар...

Біз жазушының нақ осы тұңғыш романы, дәлірек айтқанда, болашақ шоң шығарманың бірінші кітабы туралы кезінде «Тауқыметті тізерлеткен...» деген сын мақала жазып, ол «Қазақ әдебиеті» газетінің 2013 жылғы 26 шілдедегі санында жарияланған да еді.

Сондықтан біз бұл жолы қайталай қарастырсақ та қазынасы таусылмас, жаңа ойлар, әсер-пікірлер тудырар сол романды (бірінші бөлімін) және таразылап жатпастан кейіпкеріміздің жаңа шығармаларына: романның екінші, үшінші бөлімдері мен повестеріне газеттік мақала көлемі көп мүмкіндік бермесе де, біраз байыптап тоқталуды жөн көрдік.

***

Шығармалардың жаңа-ескілігі жазылған жылымен өлшенбейді. Авторы ортақол талант болып, оның үстіне нысана-тақырыбын - өзі өзек еткен өмір шындығын терең тексеріп, басынан өткеріп, шабыттан туындатпаса, ол шығарма биылғы жылдың қарашасында кіндік кессе де, өлі, жаңа емес, ескі. Ал талантты қаламгер ең алдымен өзін-өзі қадірлеп, тақырыбын меңгеріп, меңгеріп қана қоймай, әлемдік әдебиеттің үздік үлгілеріне «теңгеріп» жазса, ол XIX ғасырда туса да, 2016 жылы дүниеге келсе де, ескі емес, жаңа. Осы тұрғыдан байыптағанда өткен 2016 жыл біздің авторымыз үшін өте жемісті, өзгеше жеңісті уақыт болды десек орынды. Мұның себебі - Шымкенттегі арнайы орта өнер оқу орнын бітірген, одан әрі осындағы жоғары оқу орны педагогикалық институттың филология факультетін де тәмамдаған Бибігүл жазушылық жолға түсіп, алғаш бұл салада да қатарынан шырқап озып кетпесе, қалмай, кейінірек «Тауқымет» романын жарыққа шығарып, ол әсіресе халыққа жеткен кезде көп әріптестерінен озып, қалың кепке тез таныла бастаған. Ал өмірде қалам қайраткерлігінің көбіне-көп қоғам қайраткерлігіне ұласары бар. Міне, осы танымалдығы басты себеп болып, оның үстіне өз басында бар жағдай: қызды, ұлды екені қосылып, елімізде 1990 жылдардың басында «Асырауында балалары бар мүгедек аналардың қоғамдық ұйымы» құрылғанда еріксіз басшы болуға тура келіп, сол қоғамдық ұйым жұмысының қайнаған ортасында жүруі, қалам ұстауға мұршасын тигізбей, «Тауқымет» романын көп жылдар бойы жалғастыра алмаған-ды. Алайда олар баяғыдан көңілінде піскен-ді, ерте- ден-ақ ойда жүрген-ді. Міне, енді осы «Тауқымет» толық бітім тауып, оның екінші, үшінші бөлімдері өмірге келіпті.

Айтпақшы, бізге бұрыннан таныс бірінші бөлім-кітап бұл жолы «Прокурордың сүйікті қызы» деген ат иеленіпті. Жөн, жарасымды. Ал, оқырманмен жаңадан жүздесіп отырған екінші бөлім «Тіршіліктің түрі көп» деп аталса, үшінші бөлім «Сен әйел емессің, құбылыссың!» деген ныспы иемденіпті. Бұлар - көлеміне ғана қарамай, көркемдік келе-кенеуінен келеек те, бөлімдер аталып қалмай, жеке кітаптар болып бой түзуге де хұқылы десек асыра айтпаймыз. Сонда бұл шоң кітап «Тауқымет» атты роман-трилогия болып халықпен жүздессе де бек жарасары онша дәлел-дәйек тілемейді.

Сонымен, мәселе - көлемді шығарманың бәрібір атында емес, затында. Көлемінде емес, кенеуінде, көркемдік кемелділігінде. Бәріміз бастан кешкен, кешіп жатқан ғұмырымыз бен маңдайымызға бұйырған қоғамымыздың оябын тауып, құнын таразылар, қасіреті мен құдіретін танытып, қоясын ашар мән-мағынасында. Міне, барлық және әрбір әдеби шығармаға әрқашан қойылар осы негізгі өлшем, басты көркемдік өре тұрғысынан байыптасақ, жаңа қос бөлімнен жаңа нелерді байқап, қандай соны, тың рухани қазыналармен - өмір-өнер шындықтарымен жүздесер едік? Бірден ашығын айтсақ, бұлар көп және түгелге жуық әдеби алуан игіліктер ғана емес, әртүрлі әсем, әрлі-нәрлі әлеуметтік қазыналар. «Тауқымет» романының, әрине, бірінші бөлімін есептемегенде, тұтаса созылып жатқан байтақ сұлу әлем. Бұлармен оқырманды нақты және толығырақ таныстырамыз десек, осы беттердің денін елемей, талдап- ескермей өте алмас едік. Сондықтан да бізге қомақты қос бөлімнің қадау-қадау түйінді, оқырман назарын еріксіз баурап, қатты қызықтырар, елеңдетер иінді тұстарына, бет- бұрыстық оқиға, оқшау детальдарына ғана біраз тоқталуға түра келеді.

Қаперіңізде болса, қадірлі оқырман, біз бұрыннан білетін романның бірінші кітабы былай аяқталған: «Түн ортасы болса да Сана көзін ілмей жатыр. Көз алдында тістеніп тұрған Қанаты, қабағы түйіліп тұрған Қанаты, жалынып тұрған Қанаты, кекірейе қалатын Қанаты...». Өткен мақаламызда Бибі Анамен Қанаттың алғашқы, алайда мөлдір де маздақ махаббатына қанағаттанарлық тоқталғандықтан да, нақ қазір қайта талдап- түсіндіріп жатудың қажеті жоқ. Десек те бұл жайт - оның мына өмірді өмір етіп, ұстап тұрған, дамытып алға бастырып жатқан, саналы адамға ғана тән ғажайып та шынайы махаббат екенін айғақтайды. Және жазушы Б.Иманғазина романының жаңа екі бөлімін де бойында аққан ыстық қаны бар, кейде мұңайып, «суыққа тоңдырғанмен», базбір сәттерде дел-сал күйге түсіріп, ширыққан сәтінде қуантып оттай жандырар жаны бар шығарма етіп тұрған құдірет те - осы Махаббат екенін байыптады. Ендеше Сананың: «Махаббатсыз қаны да жоқ, сөлі де жоқ өмірді де сүруге болады екен; құр кеудемді сүйретіп жүріп күнбе-күнгі міндетімді орындауға да әдеттеніп алдым» (222-бет, «Тауқымет». Алматы, «Ан-Арыс» баспасы, 2016 жыл) дегені нақ осы сәттегі өмірдің шындығы болғанмен, өткелдік аралық сәт қана. Әрине, тіршілік өтіп жатыр. Десек те Сананың өмірі - бәрібір бейтарап, сүлесоқ өмір емес, өртеніп тұрған өзгеше өмір: «Әкемнің бір ауыз сөзі мені өлімнен бас тарттырса, сүйгенімнің анасының көз жасы махаббатымнан бас тарттырды» (222-бет). Алла тағала, әзіз әке Сарбаз бен асыл ана Балдай тәрбиесі Сананы осындай морт емес, мәрт мінезді, өзіне қатал болса да өзгелерге болсын дейтін мейлінше мейірімді ару, өте принципті, арамызда жүрген мыңдардың бойынан да табыла бермес бөлекше болмысты ана етіп жаратқан шығар. «Тауқымет» романының «Тіршіліктің түрі көп», «Сен әйел емессің, құбылыссың!» атты жаңа қос бөліміндегі Сананың өмірі - міне, осындай күреске, махаббатқа, арпалысқа толы өмір. Оның «махаббатсыз өмірді сүруге де болады екен» дегені - жай сөз: көңілдің бір күйі ғана; өйткені ол Қанатын ешбір ұмыта алмайды, бәрібір соған деген махаббатпен ғүмыр кешеді. Ақиқатына көшсек, екеуінің махаббаты - мәңгілік махаббат. Мен құласам да ол құламасын, мен жыласам да ол жыламасын деп ғұмыр кешу, сүйгені үшін құрбандыққа бару - жадау өмір ме екен? Керек десеңіз, бұл да - ерекше, жалынды тіршілік кешу, ерлік өмір. Мықты екеніңізді білейін, сіз осы құрбандықтың мыңнан бірін жасай аласыз ба? Нақ осы себептен де оның әуелі өзін сүйген, соңынан қалмай қойған Дауылмен бас қосып, Сая атты қыз табуы, содан кейін одан «ақсақ қызға қосылдың» деп жылап жүрген анасының көз жасын құрғатайын деп ажырасып, бұдан соң арада уақыт өтіп, өзін алғаш емдеген, аяққа тұрғызған, мықты дәрігер, өзіне сол он жеті жасынан бері ғашық Дастан Қыпшақовичке тұрмысқа шығып, бұл басы - бақытты, ортасы - тозаққа айналған ғұмыр кезеңі Дастан Қыпшақовичінің машина апатынан қайтыс болуымен аякталса да, Сана Қанатын бір сәт ұмытқан емес.

Біз қысқаша қайырып, сюжет бағдарын нұсқа танытып жатқанмен, бұл аралықтағы оқиғалар - өз алдарына тіршілік кезеңцері, бақыт пен қайғы толқыны тасып, кейде тауқымет асып жатқан өмір мектебі. Оның іргелі, ірі тұстарына тоқгалсақ та, мақала ұзап кетеді. Десек те өмір қандай күрделі, қилы болса, адамдар да сондай неше түрлі, тіпті кейде адам сенгісіз қам-қарекеттерге баратынын аңғарту үшін бірер түйінді детальдарға тоқталумен шектелейік:

«Күйеуіне көзінің қиығын да салмастан шабаданды Айдай апасының қолына, қызын Жалғастың қолына ұстатып, есікке беттей берген еді, Дауыл жолын кес-кестеді.

– Дауыл, саған о баста күйеуге шығуымның өзі қате болғанын енді жақсы түсіндім, сенің арманың - басыңа баспана салып алу болса, менің арманым - балалы болу еді. Екеуміз де арманымызға жеттік; сен жанымдай жақсы көретін қызымның әкесісің, қызыңды көріп тұрғың келсе, саған ешкім бөгет болмайды...» (272-бет).

Сананың айтқанының да жаны бар, адам алғашқыда жасаған қадамының жаңсақтық боларын біле алмайды. Жеке бастық, отбасылық жөнінен келгенде - Дауылға күйеуге тиюі қателік те шығар. Бірақ қоғамдық келеден келсек, бұл қадам - болмай қоймайтын өмір заңдылығы.

«...Сен маған бақыт сыйладың, сол үшін саған тек қана бақыт тілеймін. Мен өзімнің ту- ған жеріме көшемін. Есім барда елімді табайын. Ал сенен менің бір-ақ өтінішім бар. Пананы маған берші, айналайын, сен әлі талай ұл тауып аласың. Менің Панадан басқа қуанышым жоқ. Пананы берсең, бүгін-ақ басыңа бостандық беремін.

– Сіз не деп отырсыз? Перизатты анасынан айырып, жетімкөкірек еткеніңіз аздай... Баланы тудырып алып, анасынан айыру сіздің алдыңызға қойған мақсатыңыз ба?!» (315-бет).

Мәссаған! Жұрттың бәрі жақсы жан, дарқан дәрігер деп білетін, өзіне жалынып-жал- пайып қол жеткізген Дастан Қыпшақович, міне, қандай? Сұмдық қызғаншақ. Оның үстіне сырты бутін болғанмен, іші түтін болып шықты ма? Ол жоғарыдағыдай сөзді айтып қана қоймай, Сана ауруханада жатқанда Пананы алып қашып кетеді. «Анасы баласынан бас тартты» деп жала жауып. Ол аздай, үйі-күйі жоқ ана соттасса да, айлығы бар, байлығы бар өзінен жеңілетінін біліп зорлық көрсетіп.

Иә, өмірде осындай да адамдар бар. Осындай оқиғалар да болады.

...Үшінші бөлім-кітап бұлардың Алматыға қоныс аударуынан басталады. Мұның мәнісі Сая қыз бойжетіп, ұл Пана ержетіп, жаңа буын өкілдеріне жаңа мәдени-әлеуметтік орта, жағдай керектігімен, ал ананың ұл-қызы қасында болуы керектігімен түсіндірілсе де, осы Алматыдағы кезеңде Сана өмірінде үлкен бетбұрыс орын алып, «Тауқымет» романы өзін оқыған халық ортасында үлкен серпіліс, қызығушылық пен қанаттану сезімін туғызып, кейіпкер қаламгерлігі қайраткерлікке жол ашады. Бәрібір бұл тұста да, яғни үшінші кітап-бөлімде де алтын арқау, шығарманың тұлабойын тұтас қамтып, көктей өткен алпыс екі тамырдай асыл ағын - басты кейіпкер жүрегіндегі маздақ махаббат; сүйгені Қанатқа деген, қос перзентіне және тәуелсіз Отанға, ел болашағына – балаларға деген махаббат.

Бұл тұрғыда Қанаттың: «Елдің бәріне бақыт сыйлап, мені ғана бақытсыз еткен екен ғой» (438-бет) деген сөзінде үлкен шындық бар. Бірақ оның өзі де Сананың жастық албырттығынан, басқалардың бақыты үшін бас тіге алатын мәрттік мінезінен, уәдеге, сенімге беріктігінен туған қарекет еді. Сүйгенімді бақытты етейін деген махаббатынан туған құрбандық еді. Олай болса біз эпизодтық кейіпкер, аты өзгертілмей берілген кейіпкер - сазгер Әсеттің Қанатқа айтқан: «Өміріңде Санадай қызға деген сезімнің, Сананың өзіңе деген сезімінің құдіретін бастан кештің: бұл дегенің - кім болса соған берілмейтін бақыт» деген сөзінің ақиқаттығына қосылсақ қателеспейміз.

Ал, жазушылық дегеннің - өмірді көркем сөз арқылы өнерге ұластырудың сезімнің төресі, сүйіспеншіліктің көкесі екеніне ешқандай дәлелдің қажеті жоқ шығар. Өмірді сүйіп, қызығы мен шыжығын айтпағанда, ауыр тауқыметін бастан өткеріп және оны жеңіп, бақытты болу үшін күрескен адамның - оған Алла тағала және қаламгерлік талант сыйласа - жақсы туынды жаза алып, әдебиет төріне аттауы аса қиын да емес. Нақ осы тұрғыда автордың - Бибігүл Иманғазинаның әріптестерінен басты бір артықшылығы: ол - туған әдебиетімізге қуатты Таланты арқылы келіп қана қоймай, ауыр да айрықша Тағдыры арқылы да бірден биік белесіне көтерілген жазушы. Жоғарыда ретіне қарай айта кеткеніміздей, оның бастан кешкен өмірі - дайын да дарқан шығарма. Тек қарабайыр көшірмей, талғаммен екшеп-ерекшелеп, талантты жаза біл. Міне, нақ осы талаптардан табылғандықтан да Мүгедектер қоғамы мен Қайырымдылық қорлары өздеріне депутаттыққа кандидаттыққа бір орын бөлінгенде өздерінің мұң-мұқтажын жетік білетін, қатардағы мүгедектің бірі емес, қалам қайрат- кері Бибісананы бірден өз қалаулылары ретінде ұсынған еді.

Бұл талап, қам-қарекет, өмірдегі өз орындарын алу, иелену жөніндегі күрес мүгедектер өміріне серпіліс әкеліп қана қоймай, танымал жазушы Бибісана өмірінде де күрт бетбұрыс туғызып, жаңа қоғамдық қайраткерлік биігіне көтерген еді. Ол сайлауда жеңілгенмен, бұдан дұрыс қорытынды шығарып, сабақ алып, өзінің жеке өміріндегі тауқыметті қалай тізерлетсе, асырауында балалары бар мүгедек аналардың өміріндегі талай жылдар бойы сіресіп жатқан тауқыметтің сеңін солай бұзып, түбегейлі тас-талқан ете алмаса да, тізерлетуге кірісіп еді. Табандылық, көп болып жұмылу, ең бастысы - орта жолдан қайтпай сөзін тауып, көзін тауып, күресу арқылы ілгері басу өз жемісін бере бастады. Мұндай жеңіске жетудің басты бір себебі: мүгедек аналардың мәселесі, олардың балаларының болашағы - тек бұлардың мәселесі ғана емес, мемлекеттің де мәселесі екендігінде. Сол істі бір қоғамдық ұйым қозғап, шешуге кіріссе, оған жекелеген қайырымды азаматтар қол ұшын созып, оның өзі қоғамдағы өлі тыныштықты, немқұрайдылық тоңын селк еткізіп бұзып, халық арасында қозғалыс- ояну туғызып жатса, бұған өз міндетін біреу атқара бастағанын көріп-білген билік тарапынан да көмек көрсетілуі заңды ғой. Иә, елімізде бұрын-соңды болмаған мұндай қоғамның құрылуы, оның игілікті қам-қарекеті көп ұзамай Елбасымыз Нурсултан Назарбаев құлағына жетіп, Президенттің қолдау көрсетуі жаңа тамаша бастамаға, аса игілікті іске кең жол ашты.

Атақты «Бибі-Ана» қоғамы осылай кіндік кесіп, көп ұзамай-ақ қалың халық, қайырымды ел азаматтары қызу да нақты қолдағандықтан еліміздегі берекелі де беделді қоғамдардың бірі болып қана қоймай, көшбасшысына айналды. Жиырма бес жыл бойы жемісті жұмыс істеп, мыңдаған мүгедек аналардың тұрмысын түзеп, тіршілігінің түтінін тік ұшырып, 500-ден аса мүгедек аналардың ұл-қыздарының жоғары білім алып, көбісі отбасыларының тірегіне, айналасының азаматтарына айналса, алды ортасынан озып, биікке қол созып, тәуелсіз еліміздің жұлдыздары болып жанды десек жаңылыспаймыз.

Мықты екеніңізді білейін, өзіңнің кемтар емес жалғыз отбасыңды керегесін шайқалтпай, екі-үш перзентіңді оқытып, мәртебелі маман ете алып, қияға қанат қақтыршы, оларды жеке басынан артылдырып, жұртқа сәулесі түсер шырақ жақтыршы. Олай болса жазушы-ана Бибігүл Иманғазинаның кешелі-бүгінгі жақсы, жалынды шығармаларымен қалың оқырман қауым жүрегіне жарық түсірумен шектелмей, қоғамдық қайраткерлігімен мыңдаған отбасыларды жарылқап, әкесіз жетім балаларымызды аш-жалаңаштықтан қапылудан, шетелдерге тауар болып сатылудан аман сақтап, жүздеген ұл-қыздарды жұлдыз етіп жандыра білуі - бүгінімізді бекемдеу ғана емес, болашағымызды бүтіндеуге қосылған үлкен үлес, сөнбейтін от, өшпейтін өнеге емес пе? Ендеше оны қазақтың Тереза Анасы деп қадірлеуіміз өте орынды ғана емес, баршамыздың Бибі-Ана деп бағалауымыз - шынайы халықтық құрмет, әділ және әлеуметтік марапат деп білеміз.

«Тауқымет» романының үшінші кітабының тарихи-деректік құндылығы, халыққа аса керектік көркемдік қасиет-құндылығы да қатардағы Бибігүл ананың, белгілі қаламгердің бірінің қалайша және неліктен асыл да алып Ана, мыңдаған жетімдерге Пана Бибі-Анаға айналуын нанымды да шынайы, көркем де көсегелі көрсете алуында жатыр. Біздің тамырын қадым ғасырлар қойнауларынан тартқан бай да байтақ әдебиетімізде шынайы, шың шығармалар баршылық. Әрине, әрқайсысы өзгеше өз сипатымен, сұлу да сындарлы төл сымбатымен. Ақиқат осыған сайса, бізде қазақ әде- биетінде «Тауқымет» біреу-ақ. Дара Дүние. Бәлкім, бүгін қайталанбас, ертең де болашаққа еркін аяқ басар Шынайы Шығарма.

***

Біздің халқымызда: Шын «балуанға оң-солы бірдей, алып та жығады, шалып та жығады» деген қанатты сөз бар. Мұның айдай анық ақиқаты сөз өнеріне де ортақ екені жас прозашы Бибігүл Иманғазина шығармашылығынан да жақсы аңғарылады екен. Оның біз талдап отырған шоң кітабына «Тауқымет» трилогиясымен бірге «Ащы өрік», «Үйге барғым келмейді» деген қос повесі еніпті. Сол екеуін қайталай оқығанда да біз Бибігүлдің алғашқы қадамдарында-ақ парасатты прозашылық арын-алым, лайықты суреткерлік шалым-қарым байқатқанын көреміз. Жазуды жаңа бастаған кісінің тә- жірибесі, кәсіби шеберлігі әлі де кем түсіп жататындықтан бұларда орын алар балаңдық сезілсе де, балалық сезілмейді, тіпті осы екі хикаятта-ақ оның айқын даралыққа, қаламгерлік даналыққа қол арта алғаны таңдандырады. Рас, кей сөздерді дәл орнында қолданбау, жай аңғармаудан кеткен екі-үш сюжеттік кілтік-кібіртіктерді жеп-жеңіл түзелетіндіктен айтпаса да болғандай. Ал, мұндай сәл-пәл мін-мүлтіктерді сыншылық көз сезіп қалмаса, қызығып оқыған қарапайым оқырмандардың бай- қамайтыны да анық.

Атақты классик Флобердің «Мадам Бовари - менмін» дегенін қолға қалам ұстаған көбіміз білеміз. Нақ сол айтқандай, Бибігүл де өзі өте жақсы білетін, «басынан кешірген» жайларды жазыпты. Көлемді повестің аты да сәтті, ал заты тіпті тәтті. Бұлай дегендегі айтарымыз - шығарманың төрт құбыласы тең көркемдікке, кемелдікке  жеткендігі. Сюжеті қою, бәлкім шытырман, суреткерлігі де сұйық емес, сондықтан да ол бірден баурап, тарта жөнеледі. Дұрысы - бұл повесть қана емес, шағын шымыр роман десек те асыра бағаламаймыз. Ал, мұндай шығарма тек талант қаламынан туады. Енді бұған қоса шығармаға шытырман, шын, оқырман ретінде жүрегіңді ауыртып, тебірентер, көз жасын да тамшылатар, ал тәлім-тағылым алар адам ретінде қуантып- разы етер адам тағдыры өзек етілсе, бұл авторды жазушы еткен - Тағдыр дегенді тағы да мойындата түседі.

Назым - анасы тастап кетіп, жетім қалып қана қоймай, жалғыз тірегі - әжесі де ерте өліп қалып, тас жетім болып жетілген ақылды қыз. Сұлу бойжеткен. Қазақ аруы. Өмірді тал бесік пен тас табыт аралығында махаббат (ғашықтық, аналық, балалық, адамдық) қана сақтап, жалғап тұратын болса, жетімдіктің - тәрбие, тәжірибе, таным жетіспеуі кесірінен Назым жаңылады, жаңсақ басады; енді ол осы қателігін түзеп, адамдыққа оралайын десе, Күміскүлдей дос арамдығы, Төкендей зорлықшылдар тор-құрсауы шырмап жібермейтіндіктен, құтылу үшін амалсыздан адам өлтіруге мәжбүр болады. Өмірге келгенде, өмір төріне енгенде де Назым - керемет тәтті өрік-тін; әділі - оны ор- тасы, нәпсі, қоғамы жолдан тайдырып, ол жолдан тайып, ащы өрікке айналды. Тағдыр ма? Иә. Бірақ тағдырды өзгерту де адамның өз қолында. Назым бойындағы ең асылы - адамдық тамыры, діңі, болмысы сау болғандықтан түзеліп, қайтадан тәтті өрік бола бастады. Ал жұлым-жұлым жан жарасы жазылар ма, ақтауға болса да, адам өлтіру, сүйікті перзентін көре алмау - шер тарқар ма? Шыңыраудан алып шығар, қаптаған жамандықтан құтқарар күш - адам рухы. Міне, Назымның бойындағы осы жасампаздық рух оны бақытқа жеткізіп қана қоймай, шығарманы да биікке көтеріп, оқырман халықты да жақсылыққа бастап жеткізе алған.

Жазушының екінші «Үйге барғым келмейді» деген повесі де «Ащы өрікпен» идеясы сабақтас, айтары ортақ шығарма болғанмен, танытар өмір шындығы мен сұмдығы жөнінен бөлек, көркемдігі ерек шығарма.

Жар, азамат еркек неге үйге барғысы келмейді?

Жар, күйеуін өле сүйетін әйел үйіне неге барғысы келмейді?

Ересектерді қойшы, жас балалар - есі кірген, ержете бастаған ер балалар үйіне неге барғысы келмейді?!

Мұның жауабын, себебін табу - әрине, қиын емес. Ердің әйелге, әйтпесе әйелдің ерге деген махаббаты жетіспейді. Әкенің, шешенің балаға деген махаббаты жетіспейді.

Бұлар айтуға оңай болғанмен, өмір деген - күрделі, ол соттың хаттамасы емес. Бар нәрседегі әділдік, тіпті махаббаттағы адамгершілік, түсіністік, жауапкершілік кем түсіп, екі жақтан да адамның бір-біріне деген мөлдір сезімі табылмай жатады. Міне, осы жайлардың - өте күрделі өмірдің ерекше бір сырын, жүректің бір жұмбақ жырын ұғамын десеңіз, Бибі-ананың осы «Үйге барғым келмейді» деген хикаятын оқыңыз.

Мұндағы жайлардың талайымыздың басымызда бар екеніне күмән кем. Бота, Азат, Раушан, Марат, Асандардың тағдырларымен танысқан соң, тағылым алып, әсері тиіп, өз өмірімізді бір таразылап, көбіміздің үйге барғымыз келіп жатса, таңданатын түк жоқ деп ойлаймын.

***

Дау жоқ, менің «Тауқымет» трилогиясынан, «Ащы өрік», «Үйге барғым келмейді» повестерінен алған әдемі эсер, жасаған түйін, ашқан ақиқат-байыптауларым - соңғы сын-сарап, даралап-саралау еместігі анық. Газет мақаласы көлемі мүмкіндік бермей, тартынып жазғаным да айғақты қажетсінбейді. Бәрібір қорытындылай келгенде бұл жолы да менің мұндай биік баға, сындарлы сөздерді бекер айтпағаным, осы жолғы байқау-байламдарым да ортақ оқырмандық пікір, әдеби шындық, көркемдік биік өре- өрістің өлшемі болар, оқыған қауымның көңіліне қонар тобықтай ой, тұщымды пікірлердің төңірегінен табыларына сенемін. Тоқсан ауыз сөздің түйініне көшкенде халыкгың қаламгері Бибігүл Иманғазина, қоғам қайраткері Бибі-Ана нақ бүгінгі таңда жазушылық жемісі жөнінен де, жан байлығы жеңісі жөнінен де жүз мыңдарды, он жүздерді жарылқаған, жарығын түсірген Өмір өріне көтеріліп, Асқар Биікте аяқ басып, нық тұр десек әділдікке саяды.

Нақ осы себептен де мен осы мақалама нүкте қоярда суреткерлік көзі мерген, елдің сөзін айтып, ақиқаттың аулынан маржан терген ақындарымыздың бірі Ертай Ашықбаевтың біздің кейіпкерімізге қатысты мына бір жыр жолдарына жүгіне кетсек артықтық етпейді:

Тірілсін өлген Намыс, қираған Ар,

Оянсын мейірімділік Миға барар.

Тауқымет, Ана жақта сіз барсыз ба,

Бұл жақта Бибі-Ана бар.

Әркімнің әр қадамын барлап, түстеп,

Жүрсең де тор да құрып, қармақ та істеп,

Жеңуге әлің келмей Бибі-Ананы

Тауқымет, отырмысың бармақ тістеп?!

Адассақ Айды іздедік, Күнді таптық,

Бүрістік жапырақ боп бір бұтақтық.

Тауқымет, сен жүк болдың бір кітапқа,

Бибі-Ана іс бітірді мың кітаптық.

Қандай бір өлең де әуелі өмірге сәйкестігімен, әдемі немесе ащы шындыклы «тәтті» көркемдікке айналдырумен өміршең. Ертайдың мына жыры да сондай бітім- болмысымен бас идіріп, келешекке есік ашып тұр. Нақ осы жерде менің мерейтойлық мақаламның жалғасы болып сезілгенмен, бұл жыр жолдары қаламгер Бибігүл Иманғазина, қазақтың Бибі-Анасы туралы жаңа бір сөздің арнасындай...

Асқар Биікке аяқ басқан, сол шыңнан шуақ шашқан Бибі-Ана, аман болыңыз! Алла тағала жаңа жарық күндер сыйлап, таусылмас тауқыметті тізерлетіп, табанға салған қалпыңызда оқырмандарыңызбен, еліңізбен мың бірінші Өмір-Кітаптың жаңа бет- бел естерінде жүздесе беруге жазсын.

«Қазақ әдебиеті»,

52 (3582), 29 желтоқсан, 2017 ж.

 

"БИБІ-АНА" қайырымдылық қорының мекен-жайы:
050059 Алматы қаласы, Самал-3, дом 22,кв.5
Телефондары: (727) 262 86 15; 39 00 737; 7+ 701 714 93 24
e-mail: bibi.imangazina@mail.ru
карта сайта