300 баланың... Бибі-Анасы

“Мүгедек” деген ауыр сөздің артында ауыр тағдыр тұр. Ал біздің қоғамымызда осы ауыр тағдырды арқалап жүрген адамдар көп.

Құдайым тағдырдың тәлкегінен сақтасын! Дегенмен, басына түспеген кісінің мүгедек адамның тағдырын өзі түсінгеніндей сезінуі екіталай дүние. Өмірдің күйбең тірлігінен қолымыз бір босамайтын біздердің осындай адам топтарының тағдырына алаңдайтынымыз шамалы. Кейде біз осы күйбең тіршілігімізді күйттеп, өмірі жетпей әлек қылатын “көкқағаздың” артынан шабамыз деп, жақсылық жасау, адамгершілік деген адами қасиеттер туралы ұмытып кете беретініміз анық. Сенбесеңіз, осы соңғы аптада демей-ақ қояйық, соңғы айда “кімге жақсылық жасады екенмін” деп ойланып көріңізші?! Ойланып қалдыңыз ғой... Бірақ, біздің қоғамымызда, бір күнін басқа адамға жақсылық жасамай өткізбейтін де адамдар бар екен. Ол кісі, осыдан біраз жыл бұрын газет беттерінен және “Тауқымет” кітабымен өздеріңізге таныс болған мүгедек аналардың жебеушісі БИБІ-АНА. Бұл кісі құрған БИБІ-АНА асырауында баласы бар республикалық мүгедек әйелдер қоғамы жөнінде көбіміз білгенімізбен, ол мекеме жұмысының соңғы жаңалықтарымен таныс емеспіз. Алған сұхбатымыз да осы сауалдан өрбіді.

– Жыл сайын республика бойынша біздің қоғамға қарайтын мүгедек аналардың балаларының біразын оқуға түсірумен айналысамыз.Оның үстіне мектепті ғана емес, жоғарғы оқу орнын бітіріп жатқан да балаларымыз бар. Бірақ, қазіргі аумалы-төкпелі қоғам дипломды азаматқа да оңайлықпен жұмысын ұсынбайды. Сондықтан,жоғарғы оқу орнын бітірген балаларымызды жұмысқа орналастыру да мен үшін оңай емес. Төрт қызымыз қызыл дипломға бітірді.Кеше ғана КазГАУ-ды бітірген қызымды Несие беру Орталығына жұмысқа орналастырдым.

Жастардың көбі Алматыға келіп оқиды. Сондықтан, оны оқыту ақысын былай қойғанда, стипеңдиясын да, тамағын да өзіміз қамтамасыз етеміз.Әлгінде өзіңіз көрген асхананы да сол өзіміздің Қоғамның атынан оқып жатқан студенттеріміз үшін аштық.Тегін тамақтарын ішіп,келесі бөлмедегі компьютерлер тұрған бөлмеде сабақтарын дайындап,кешкісін айрандарын алып,жатақханаларына кетеді.Барлығына да жатақхана алып бергенмін.

   Ал мектеп бітірген балалар туралы айтатын болсам, биыл әлгі бірыңғай ұлттық тестілеу деген шықты ғой. Осы менің бір таңғалатыным – бізге білім саласына келген кез-келген министр реформатор. Баяғыда білімнің басына министр болып келу үшін, әуелі оның  бірнеше сатыдан мүдірмей өткен еңбегі мен тәжірибесі болуы керек дейтіндей талап қойылатын. Яғни, алдымен бастауыш мектептен бастап, біртіндеп жоғарылаған, сол саланың барлық жағынан тәжірибесі бар қаруланған адам болуы керек. Ал бізде біресе, ауыл шаруашылығы білімінің маманы, біресе экономист келіп, басымызды қатырады да отырады. Енді мына жаңа министрдің жаңа жобасы негізіндегі бірыңғай ұлттық тестілеуін тапсырдық. Ал ақылы бөлімге тапсыратын балаларымыздың қаржысын қысқы сессиясына дейін тауып беруге демеуші іздеудеміз. Ары қарай, сол тағы да Президентке, Премьер-министрге хат жазып дегендей көре жатармыз. Ақтөбе облысынан бір бала хат жазыпты. Құлағы мүлде естімейді екен, қазір аппарат киеді. Сол баламызды институтқа түсіреміз бе деп едік, жаңағы бірыңғай тестілеу мемлекеттік емтиханын тапсырған балалар енді бір жыл күтуі керек екен. Сол себепті бір жылы босқа өтпесін деп, көркем-сурет колледжіне түсірдік. КИМЕП-ке тапсырғандары бар, жалпы балаларымыз көп.

“Бұл дүниеден кім, неге үлгеріп кетіп жатыр?”

– Сіздерге Үкімет тарапынан қаржы бөлінбейді ме?

– Ешқандай да. Ол түгілі, министрліктерге барсаң, “Сіздердің балаларыңыздан басқа Қазақстанда оқитын адам жоқ па?” деген әңгіме алдымыздан шығады,оларына мен де көне қоймаймын.Өзіміз автотұрақ алып едік, оның да айқайы жетеді.Мен облыстарға сапарға шығып кетсем болды,біресе жарығымызды, біресе суымызды өшіріп тастайды. Айқайласып, біз де берілмейміз, олар да жеңбейді. Әзірше, жеңіп жатқан мен. Бірақ соның бәрі қиындықпен келеді. Ол үшін бүкіл денсаулығынды беріп, жұрттың бәріне жаманатты болып,дұшпаныңды көбейтесің, олармен арпалысып, төбелеске дейін баруың керек. Мына заманда әкесі, шешесі отырып, бір ба­ланы әзер оқытады. Ал біз 12 жылдан бері 300-ден аса баланы оқытып жатырмыз. Яғни, 300 рет өліп-тірілдім десем, артық айтқандығым емес. Бұл санның өзі жыл сайын өсіп отырады. “Жалғыз сиырымды сатып келіп отырмын”деп келіп отырған мүгедек ананың баласына қалай жәрдем бермейсің?! Министрлікте бір Бикеш кергіп“Сіз болмасаңыз, олар өлетін бе еді?” деді... Ешкім де өлмейді. Кімнің артынан, кім өледі?! Бірақ, қолға алған нәрсені аяғына дейін жеткізу – менің міңдетім. Өле-өлгенше, осы мақсатымды орындағаным, орындаған. Бұл дүниеде, кім, қай нәрсесін орындап, үлгеріп кетіп жатыр. Бірақ әр адам өзінің қолынан келгенін жасайды. Сондықтан, қолымыздан келгенінше осы міндеттерімізді атқарып жатырмыз.Мені ешкім зорлаған жоқ,өзімнің жүрегімнің қалауымен ең қиын да,ең қажетті де жұмысты өзім қолыма алдым,өзіме өзм сендім.Әрине, балаларымыздың ата-аналарының алғысы, мүгедек аналардың балаларының тілегі шығар, менің осы сүйретіліп жүргенім. Бір мүгедек ананың 4 жасар қызы бар. Сол таңертең тұрады екен де, қолын жайып “Бибі-ана анамызға денсаулық бер денсаулық бер, Алла!” – дейтін көрінеді. Осыны естігенде көзімнің жасын тия алмады. “Сіз тірі болыңызшы” деп тілек айтып жатқандар қаншама?!

“Қай депутатпен, қандай шаруа, бітіріп жатырмыз?”

– Тілекшіңіз көп. Депутаттыққа түспек ойыңыз болмады ма?

– Жұрттың бәрі осылай шулап жа­тыр. Актөбе облысынан қайта-қайта телефон соқты. “Сіз тез өтіп кетер едіңіз” дейді. Мені ешкім өткізбейді. Және ол менің жамандығымнан емес. Менің тырнағыма да тұрмайтын, менің кішкентай еңбегімнің кіші бөлігін жасап көрмегендер өтіп кетеді. Соларға сондай “қызығамын”. Қалалық мәслихаттан неге өтпедім? Өйткені, мен өтіп,депутат болсам.олар қалғып-мүлгіп отырған тыныштықтарынан айырылады ғой.Сондықтан да менің оларға керегім жоқ. Менімен бірге дауысқа түсіп, өтіп кеткен адамдардың барлығы не істеп жатыр? Қай депутат­пен қандай шаруа бітіріп жатырмыз? Әйтпесе, шашым ағарып, машинамен жүріп, мүгедектерг әйелдерге ине мен жіп ұстатып,қаншама тігін мәшинесімен қамтамасыз еттім. “Егеменді ел болдық. Мүгедек де­ген ат енді жойылады. Сондықтан сендер жұмыс істеулерің керек” – дегенімді қуана қарсы алды.Олар қоларбасында отырып-ақ таңертеңнен кешке дейін тігін машинасында іс тігеді.Олар тіккен заттарды ауруханаларға,интернаттарға өткізіп отырамыз.

– Осы тігін цехынан басқа сіздің қоғамды қаржыландыратын қандай көздер бар?

– Болашақта барлық саланы қамтитын жүйелі Орталық салмақ ойымыз бар. Бірақ оның жерін әлі сатып алған жоқпыз. Оның жартысын біреулер алып қойып, сол жерге уақытша автотұрақ салып қойдық. Облыстардағы филиалдарымызбен үнемі байланыста отырамыз,сондықтан тек телефонмен сөйлескеніміз үшін 70-80000 теңге төлейміз.Стипендия береміз,жұмыс істеп жатқан мүгедек әйелдердің айлық жалақыларын береміз. Осы жердегі кезекшілікте отырғандар да мүгедектер, олар күнбе-күн ауысып отырады.Ал үкіметтің тарапынан, әзірше көмек жоқ. Бірақ, мына сайлаудан кейін өзгермесе...

“Түйе көп болса, жүк сыймайтын” заманға келдік...

– Сайлауалды науқан жүріп жатыр. Көптеген партиялар қайырымдылық шараларын жасап жатыр деп естіп жатырмыз. Солар тарапынан көмек болмады ма?

– Аттарын айтпай-ақ қояйын. Оларға хат жазсаң немесе көмек сұрасаң, міндетті түрде мүше болуың керек. Ал мен оған қарсымын. Олар кішкентай бірнәрсе істейтін болды екен деп, сенімім болмай тұрған жерге қалай мүше болады екенмін?! Олардың қойған талабымен, кішкене қаптың ішіне күріш салып беріп жатқан көрінісімді көрсетіп, теледидардан шықпасам қайтеді? Оны біз күн сайын береміз, соның бәрін көрсете беруім керек пе? Партияға мүше болып, ертең шашым ағарып отыратын жайым жоқ. Бірі олай тартады, бірі былай тартады. “Түйе көп болса, жүк сыймайтын” заманға келдік қазір.

– Демеуші табу жағы қалай?

– Демеуші дегенді біз тек қана балалардың оқуына ғана іздейміз. Онда да тапқан демеушімізден біз бір тиын өзіміздің есеп-шотымызға түсірмейміз.Демеушіге балаларымыз оқып жатқан білім ордасының реквизиттарын береміз.

– Демеушілерден түскен ақшаның да өз орны бар дедіңіз. Ал сонша баланы стипендиямен, тегін тамақпен қамтамасыз етуге, оның сыртыңда мүгедек аналарды жұмыспен, жалақымен қамтамасыз етуге автотұрақ пен асханадан түскен пайда жете ме?

– Кей уақытта өзіміз айлық алмаймыз. Студент қалай аш жүреді? Өзімнің де қызым бар, ұлым бар. Оларды асыраудың оңай еместігін білемін ғой. Ал студенттерім алған азғантай стипендиясынан жырымдап, әке-шешелеріне бір нәрсе алып барып жүреді. Бір Қызылорда облысының өзінен 58 бала оқиды екен.

– Тапқан демеушілер демеуіне алған баланы аяғына дейін оқытады ма?

– Аяғына дейін болғанда, біз жарты жыл сайын оларға хат жа­зып отырамыз. Мысалы, бір жағдайды айтайын. Біздің “Қазмұнайгаз” деген демеушіміз болып, кызылордалык екі қызымызға акша салып тұрған. Олардың өздерінін 19 мүшесі бар екен. Солар жиналмай қалып, ақша түспеген жағдай болды. Сөйтіп, қызыл дипломға бітіргелі тұрған екі қызымызды ректор, қанша жалынсам да диплом беру рәсіміне қатыстырмай қойды. Бұл балаға сондай соққы емес пе?! Мен де олармен бірге өліп қала жаздадым. Содан күнде-күнде хабарласып,он күннен кейін ақшасын түсірттік. Ақша түскеннен кейін барып, дипломды бергізді. Міне, біз қандай қоғамда өмір сүріп жатырмыз.

– Жекелеген адамдардан көмек болды ма?

– Жо-о-қ, ондай адамды көріп тұрған жоқпын.

“Өлді деген осы екен, көзі аларып барадының” кері...

– Алда қандай жоспарларыңыз бар?

– Алдағы уақытта үшінші съезімізді өткізуіміз керек. Әр аймақтағы төрайымдарымызбен жұмыс істеу деген қияметтің қияметі. Әр облыстың төрайымдары мүгедек ана болуы керек және асырауында баласы болуы қажет деген талаппен жұмысқа қабылданған олар бұрын ешкімге керегі болмай, үйлерінде отырып қалған адамдар. Олардың барлығы БИБІ-АНА болып туған жоқ қой. Соңдықтан төрайымдарымыздың алдына қойылатын қатаң талапқа көнгісі келмейтіндер де болып жатады. Қайта-қайта есеп сұрап отырмасаң да болмайды. Күнде кешкісін әр облыстың әкіміне отырып алып, үш сағат хат жазамын. Жаңағы төрайымдармен жұмыс істеу оңай емес дейтінім, мысалы Жамбыл, Шымкент облыстарының төрайымдарын қатарынан алты-жеті рет ауыстырдық. Ұрлықтарын қоймайды, біреуден алған тамағын да дұрыстап үлестіріп бермейді. Болмағаннан кейін, Жамбыл мен Шымкентті жауып тастадық. Қалған облыстар да бар. Мына депутаттардың айқайы біткеннен кейін, олардан қалай жұмыс істеп жатқандығы жөнінде есеп сұраймыз. Біз осы қоғамды құрғанда, 70 жыл жұмыс істеп отырған соқырлар, мылқаулар қоғамы жұмысына бөгет болғымыз келмеді. Соңдықтан тек жүріс-тұрысы қиын, немесе арбаға таңылған адамдармен жүмыс істейміз деп ашылғанбыз. Осындай адам топтарын кабылдап едік, бірақ, бізге соқырлар, мылқаулар да келеді жылап, еңірейді. Бірақ біздің әр облыстағы төрайымдарымыз оларды алғысы келмейді.Мен айтам,Жарғымызды өзгертуіміз керек,бәрібір оларға жәрдем берудеміз, – деп. Менің осындай ұсынысымды төрайымдарымыз қолдамай отыр. Өйткені, олар “адам көбейсе, жұмыс көбейеді” деп алғысы келмейтін сияқты.

– Ал аудан, облыс орталықтарына кімдер демеуші болады?

– Ол жақта да әкімдер, ректорлар,кірісемін.Ал аудан, ауылда тұратындар облысқа қарайды. Олардың бізге жетуі қиын. Облыстағы төрайымдардың беделі керемет деп айта алмаймын. Олар мен сияқты БИБІ-АНА болған­ша, қай заман?! Арманым,әр аймақтан бір-бір Бибі-Ана шығару.

– Сіздердің, мәселен, сіздің жалақыңыз қайдан және қалай бөлінеді?

– Біздің жалақы да автотұрақтан, асханадан түскен ақшадан қарастырылады.Ал,демеушілердің қаржысынан бір тиын ешкім жалақы алмайды,олар тек қана білім ордаларыың есеп-шотына аударылады.

Ал оқу бітірген бала жұмысқа орналасқаннан кейін, сіздердің қарауларыңыздан шығады ғой.

– Біздің қарауымыздан шығып жатқан ешқайсысы жоқ. Олар жұмысқа орналасқанымен, кереметтей әке-шешесін асырай алатындай жағдайға жетіп жатқан жоқ.Қолымыздан келгенше жұмысқа да орналастырып жатырмыз.

– Яғни, сіздер ол баланы толығымен аяқтандырасыздар ғой.

– Иә, жұмысқа тұрғаннан кейін де көмектесіп жатамыз. Тіпті, бір қызымызды жұмысқа тұрғызу үшін, бір ай жүрдім. Ал енді олар көп қой. Қашан ол өз аяғына тұрғанша, көмегімізді аямаймыз. Бірақ қазір облыстың филиалдарының төрайымдары ұсыныс жасап жатыр. “Біз әр семьяның бір баласын оқытып берейік. Мысалға, бір отбасында 5-6 баладан бар. Оның бәрін біз оқытуымыз керек пе? Біреуін оқытайық қалғанын сол сүйреп кетеді” деп. Бірақ мен бір-бірін сүйреп кететіндей адамды көріп отырғаным жоқ.

– Өзіңіздің отбасыңыз туралы да айта отырсаңыз...

– Қызым Алматының консерваториясын оқып, Мәскеудің ГИТИС-ін Қы­зыл дипломмен бітіріп келді. Қазір опералық театрдың бас режиссері. Ұлы бар, Алдияр деген. Биыл мектепке ба­рады. Ұлым – Аспан мединституттың аспирантурасын бітіріп, қазір психиатр болып қызмет істейді. Таңертеңнен кешке дейін жұмыстамын,ұлым дәрігер ретінде кейде менің денсаулығыма алаңдап,ренжиді.Балаларым да қолдарынан келгенше жәрдемдесіп жүреді.

“Шындықты айтсам, оқып жатқан балаларыма
зияным тие ме деп қорқамын”

– Мынадай жұмыс үлкен шыдамдылықты қажет ететін сияқты. Балаларыңыз осы қызметіңізге қарсы емес пе?

– Айтып кеттім ғой,ұлым ренжіп қояды,бірақ,түсінеді. Оларға мен «Сендерді тастап кете алмайтыным сияқты, бұл да менің үшінші балам, ал бұл баланы қалай тастап кетемін?»деймін.

 Мені ешкім зорлаған жоқ. “Тауқымет” атты бірінші кітабымның қаламақысына осы қоғамды құрдым. Ешкім маған ол уақытта “Осындай қоғам аш!” деген жоқ. Ойладым ғой, өзім де кезінде неше жыл орнымнан тура алмай жаттым.Ең болмаса өзіме тағдырлы аналардың асырауындағы он шақты баланың жоғары біләм алуын ойладым.Ақыр аяғында, осыншалықты көп болады деп ойлағаным жоқ. Жылдан-жылға көбейіп келе жатыр. “Сіздің көрінбей кеткеніңізге қарап, жұмысыңыз жабылып қалған шығар деп ойлап едік” – дейді журналистер. Қазіргі шаруамның көптігі соншалықты, біреумен сөйлесуге уақыт жетпейді.Теледидардан да шақырады.Тікелей эфирге шақырды, бірақ оған барғаннан кейін, шыңдықты айтасың.Шындықты айтқаннан кейін, институттағы балаларыма зияным тиеді. Содан кейін, сол шындығын да айтпай-ақ қояйын, қолымнан не келсе, соншалықты жәрдемімді берейін де,тыныш жүрейін деп те ойлаймын.

– Өмірдегі негізгі ұстанымыңыз не?

– Қазір шенеуніктер мен бюрократтардың алуан түрін көріп жүрміз. Соларға қарап, өзімнің өміріме, алға қойған мақсатымды, ұстанымымды дұрыс екен деп ойлаймын. Ешуақытта бай болсам деп армандамаймын. Денім сау болса... Менің жәрдемімді қажет еткен адамдарға адал жәрдемдессем, адал жұмыс істесем, біреуге шыңдықты бетіне айта алсам, “Құдай, осыдан мені айырма!” деймін. Сондықтан да халық мені жақсы көретін болуы керек. Мына өзің көріп отырғандай, осы біздің мекеменің жөндеуінің барлығын, асханамызға дейін Серік Сұлтанғалиев де­ген керемет азамат басшылық жасап отырған “Айсел Қазақстан” компаниясы бәленбай миллионға жасап берді.

– Бұл жердің арендасына ақы төледіңіздер ме?

– Бізге қаланың әкімі аренда төлетіп жатқан жоқ. Бірақ осы тұрған үй сатылып кетіпті дейді. Енді солармен айқайласып жатырмыз. Өліп-талып жөндеу жасатып едік, енді тағы бір айқай шықты. Айтып отырмын ғой, өмірі таусылмайтын бір тірлік.

“...Мүгедек ананың баласына да,
өзіне де күн сайын орден бергізер едім”

Егер сіз депутаттыққа түсіп, өтетіндей жағдай болса, ен бірінші көтеретін мәселеніз не болар еді?

– Мен ең алдымен, мынадай мәселені көтеретін едім.Мен сияқты мүгедек болғаннан кейін өмірге бала  әкелген ананы әзірше көрген жоқпын. Аяқ астынан мүгедек болған ананы күйеуі тастап кетеді. Тастамаса да ішіп кетеді.Осындай мүгедек аналардың жағдайын мен басқаша қояр едім. Мысалға, кітабымда да жазып жатырмын, әр бала шешесіне қа­рай жылайды, шешесі баласына қарап жылайды. Шешесі аяйды, баласы қанша қиналып жүрсе де, білдіргісі келмейді. Бұғағы қатпаған, психологиясы жетілмеген бала осындай жағдайда өмір сүреді.Мысалға, осы он екі жылдың ішінде мен бірде бір мүгедек ананың баласын баға алмай, тастап кеткенін көргенім жоқ. Мұның өзі ерлік емес пе?! “Мен аштан өлмеймін, Бибі-Ана, маған тек баламды оқытып бер!” дейді. Жынданып кетудің аз-ақ алдында тұрған ананың, баласын ешкімнен қалмасын деп уайымдауының өзі ерлік емес деп кім айтты? Бұл үшін оған үлкен күш керек. Сондықтан, оларға де­ген ерекше жағдай жасауды алдымен қолға алар едім. Алысқа бармай-ақ қояйын. Осы қоғамды алғаш ашар кезде, “Я завидую только матери Терези” деген мақала жаздым да, мақаланың соңында телефонымды көрсеттім.Осы Алматының өзінен бір жетінің ішінде 100 шақты әйел жинап алдым. Сонда бір әйел телефон соғып“Мен керосинді дайындап қойып, өзімді-өзім өртеп өлтіруге ниеттеніп жүргеніме үш күн болып еді. Көршім  мені жұбатып кететін. Сол жүгіріп келіп,бір жазушы әйел сен сияқты әйелдерді жинап жатыр екен, деді. Сізге келуге бола ма?” – деді еңіреп.. Аты Тәуіргүл екен.Тәуіргүл мүлдем жүре алмайды.Баласы Теміртауда техникумда оқиды екен. Баласын осы жаққа ауыстырайын десе, ауыстыра алмайды, оның үстіне, 99-ға келген шешесі бар екен. Ол да орнынан тұра алмайды. Сол кезде зейнетақысын да уақытысында ала-алмайды. Содан өмірден түңіліп,өлімді қалапты.Осы уайымын менімен бөліскеннен кейін, жарты сағаттың ішінде ол мәселе шешілді. Баласын Алматыға ауыстырып, техникумын бітіргеннен кейін, Архитектуралық институтқа түсірдім. Ол оқу орнын да үздік бітірді. Қазір ба­ласы үлкен құрылыс компаниясында жұмыс істейді. Шешесін ваннаға көтеріп апарып.жуындырады, бір сөзбен айтқаңда, анасын алақанына салып, әлпештеп бағып отыр.

Диплом алған балаларыңыз жұмысқа тұрғаннан кейін, сіздердің қоғамдарыңызға қандай да бір көмегін тигізіп жатыр ма?

– Мен жасаған жақсылығымның қайырымын сұрамайтын жанмын. Айттым ғой,балалары оқуларын бітіріп, шешелерін бағып жатыр. Осының өзі біздің « БИБІ-АНА «қоғамы жасаған жақсылықтың қайтарымы емес пе?! Осының өзі аз жетістік пе?! Мен кейбір құрдастарыма “Сендер аяқ-қолдарың сау адамдарсыңдар, бірақ қайсың айта аласың, мен сияқты еңбек жасадыңдар. Менің он екі жылдағы еңбегімнің бір грамын жасашы сен, мен сенің алдында иіліп тұрайын. Арманың – депутат болу, министр болу” деп қоямын.Қазақстанда мен сияқты екі ана болса, маған жеңіл болар еді. Біздің казіргі лидер болып жүрген әйелдеріміздің психологиясы мүлде басқаша. Мысалы, әйел деген ана, яғни, оның көз алдында ана мен бала тұруы керек. Менің бірде бір күнім осы он екі жылдан бері босқа өткен емес. Істемедім дегенде, күніне бір адамға жақсылық жасаймын. Диплом алып жатқан балаларымыз"БИБІ-АНА коғамының болашақта демеушілері боламыз” дейді. Қалай болмайды, болады! Олардың маған айтып жатқан лебіздерінің өзі менің еңбегімнің ескерілгені, қайтарымы деп түсінемін.

– Батыр ана ретінде, қазақ қыздарына айтар тілегіңіз...

– Қазақ қыздарына айтатыным, “Тауқымет” кітабын оқыңдар, және талқылап тұрып оқығандарынды қалаймын. Өйткені, ол кітаптан, көп нәрсені ұғасыңдар дегім келеді. Мен әкемнің ерке қызы болдым. Кейбіреулер “ерке қыздан ештеңе шықпайды” дейді. Ал мен 17 жасымда мүгедек болып қалғаннан кейін, керісінше жігерлендім. Калай болса да, осы қиындықты жеңемін деп өзіме өзім серт бердім. Қазақ қызы алдына қандай жағдайда болмасын, “Ой, бәленшенің ұлын-ай, бәленшенің қызын-ай” дегізерліктей керемет ана болу мақсатын қою керек. Чехов айтады ғой, “Адамның киімі де, мінезі де, ішкі жан сұлулығы, бәрі-бәрі әдемі болуы керек!” деп. Сол айтқандай, әйелдің қолынан келмейтін нәрсе жоқ. Әйел ас үйде де балалары үшін, керемет тамақ дайындайтын ана болуы, үйді керемет таза ұстайтын әйел болуы керек. Кейбіреулер айтады, “Мен өр көкірекпін” дейді, ал қолынан түк келмейді. Тағы бір айтатын жайт, “өмірдің тірегі – еркек” деп әйел адам өз-өзін алдамаса. Өмір болған соң, түрлі жағдай болады. Кейде күйеуі тастап кетсе, азып-тозып, еңіреп, “біттім” деп балаларды ұрып-соғып, ақыр аяғында жынданып кетуге дейін баратын әйелдер бар. Әйел қай нәрсеге де дайын, қаншалықты нәзік болса, соншалықты мықты болуы керек! Әйелдігін сақтауы, және еркек үшін емес, ұлы, қызы үшін әдемі киінуі кажет. Сонда балалардың жүзі жарқын бола­ды. Содан кейін, әйел адам “Мен осы кімге жақсылык істедім” деген сөзді алдына қойып өмір сүрмесе, құдай оған ештеңе бермейді. Құдай да шебер, кімге не беретінін біледі. “Мен мүгедек болып қалдым, енді ешкімге керегім жоқ” деп отырсам, мен де отырар едім. Қыздарға сабақ болсын деп, өзімнің өмірлік тәжірибемнен айтайын! Әкем мені өте жақсы көретін. Менің мүгедек болғаннан кейін, қиналып,өмірден безуге дайын жатқанымды  сезген ол “Қызым,сенсіз мен өмір сүре алмаймын»деді. Содан кейін, мен әкем үшін өмір сүруге бейімделе бастадым. Күніне 24 сағат төсек тартып жатсам да, түсімде де гимнастика жасап жататын болдым. Бұл менің ерлігім, өзімді-өзім аяғымнан тұрғыздым. Екінші ерлігім, тек ана болу керек міндетін алдыма қойдым. Ал ана болғаннан кейін, менің қызым немесе ұлым неге жаман төсекке жатуы керек, неге жақсы тамақ ішпеуі керек деп, осы жолда тыным таппадым. Ақыры мақсатыма жеттім.

 Әәйел адам өзінің алдына қойған мақсатынын дұрыстығына көзі жетпей тұрып, ешуақытта баланы армандауға болмайды.

 

«Қазақстан» газеті,

9 қыркүйек, 2004 ж.

Ирина Әлімжанова

"БИБІ-АНА" қайырымдылық қорының мекен-жайы:
050059 Алматы қаласы, Самал-3, дом 22,кв.5
Телефондары: (727) 262 86 15; 39 00 737; 7+ 701 714 93 24
e-mail: bibi.imangazina@mail.ru
карта сайта